SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Таразда сот бір мектепте жұмыс кезінде ауыр жарақат алған электрикке 1,2 миллион теңге өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.
Іс материалдарына сәйкес, қаладағы мектептердің бірінде электрик директордың орынбасарының тапсырмасымен ғимараттың сыртқы қабырғасындағы прожектор шамдарын ауыстырып жатқан. Жұмыс барысында шамдардың бірі құлап, жұмысшыны соққан. Салдарынан ер адам шамамен үш метр биіктіктен құлап, омыртқасы мен қабырғалары сынған.
Медициналық сараптама жарақатты ауыр өндірістік жарақат деп бағалаған. Электрик ем қабылдап жүрген кезде, емделуге және басқа да қажеттіліктерге көп шығын шығарған. Ол сотқа жүгініп, жұмыс берушіден моральдық және материалдық шығынды, сондай-ақ заңгерлік көмек шығындарын өтеуді талап етті.
Мектеп өкілі өтемақы төлеуден бас тартып, бұрын көрсетілген көмекті және жалақының сақталып отырғанын алға тартты. Алайда сот тергеу барысында оқиғаның қызметтік міндетті атқару кезінде болғанын және жұмыс берушінің кінәсі 100% екенін анықтады.
Сот ұйым тарапынан қауіпсіздік шаралары сақталмағанын, жұмыс жүргізу тәртібі дұрыс ұйымдастырылмағанын атап өтті. Сонымен қатар жұмысшының тарапынан еңбек тәртібін бұзу болмағанын, оның бұл жағдайға ықпал ете алмағанын ескерді.
Сот шешімімен мектеп әкімшілігі 1 миллион 200 мың теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұл сома материалдық шығындар мен заңгерлік қызмет ақысын қамтиды.
Шешім заңды күшіне енді.
RUS