562

Макрон әйелі Брижитті «еркек» деп шу шығарған америкалық белсендіге қарсы сотқа арыз түсірді

Желіде Франция президентінің әйелі шын мәнінде еркек деген қауесет тараған еді.

Макрон әйелі Брижитті «еркек» деп шу шығарған америкалық белсендіге қарсы сотқа арыз түсірді
АР

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Франция президенті Эммануэль Макрон мен оның жары Брижит Макрон америкалық консервативті белсенді Кэндис Оуэнске қарсы сотқа шағым түсірді. Ерлі-зайыптылар Оуэнсті Брижиттің жынысы туралы жалған, қорлайтын және абсурдты теорияларды таратуға кінәлап отыр. Бұл туралы Financial Times басылымы жазды.

218 беттен тұратын арыз Делавэр штатының сотына жолданған. Онда Оуэнс «шындыққа жанаспайтын қастандық теорияларын» әдейі жариялады деп көрсетілген. Атап айтқанда:

Брижит Макронның шын мәнінде ер адам болып, бұрынғы аты Жан-Мишель Трогне екені туралы нұсқа;

Макрондардың бір-біріне туыс болуы мүмкін деген тұжырым;

Эмманюэль Макрон ЦРУ немесе басқа үкіметтік ойды басқару бағдарламасының «нәтижесі» деген теория.

Франция президенті мен әйелі Оуэнстен моральдық өтемақы өндіріп беруді және істі алқабилердің қатысуымен қарауды талап етуде. Олар тіпті сот отырысына қатысу үшін АҚШ-қа жеке келуге дайын екенін де мәлімдеді.

АҚШ заңнамасына сәйкес, жала жабу бойынша азаматтық істі жеңіп шығу үшін талапкерлер айыпталушының жалған ақпаратты қасақана таратқанын дәлелдеуі керек. Бұл процесс әсіресе қоғам назарындағы тұлғаларға қатысты болса — күрделене түседі.

Айта кетейік, Брижит Макронның жынысына қатысты қауесеттер 2021 жылы желтоқсанда басталған. Сол кезде Наташа Рей есімді өзін «тәуелсіз журналистпін» деп таныстырған әйел YouTube желісінде Брижиттің шын мәнінде ер адам екенін, бұрынғы аты — Жан-Мишель болғанын айтқан видеосын жариялаған. Бұл бейнежазба вирустық сипат алып, әлемнің түрлі елдеріндегі БАҚ-та таралған.

2024 жылы наурызда Макрон алғаш рет бұл тақырыпқа ашық пікір білдіріп, жалған ақпараттар мен ойдан шығарылған сценарийлердің саяси өміріндегі ең қиын мәселе екенін айтқан.

Кейін қыркүйекте Париж соты Наташа Рей мен тағы бір әйелді жала жапқаны үшін 13,5 мың еуро айыппұл төлеуге міндеттеді. Бұл шешімді апелляциялық сот та күшінде қалдырған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор