SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 24 шілде күні халықаралық ақпарат агенттіктері Ресейдің Қара теңіз порттарында шетелдік танкерлерге жүктеу жүргізуге тыйым салғаны туралы хабарлады. Бұл шешім Батыстың санкцияларына жауап ретінде қабылданған. Нәтижесінде, қазақстандық мұнай экспортына әсер еткен уақытша кідіріс туындады.
Reuters мәліметіне сәйкес, Ресей тарапы шетелдік мұнай танкерлеріне портқа кіру үшін ФСБ-дан арнайы рұқсат алу талабын енгізген. Бұл ереже Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы жеткізілетін мұнай ағынын «іс жүзінде тоқтатуға» алып келді. КҚК – Қазақстан, Ресей және бірнеше америкалық мұнай алыбының ортақ жобасы, оның үлесіне Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80%-ы тиесілі.
Болжам бойынша, енгізілген шектеулер жаһандық мұнай жеткізіліміне де әсер етіп, оның шамамен 2%-ын қамтуы мүмкін. Дегенмен, кей сарапшылар бұл мәселе ұзаққа созылмайды деп есептейді. Reuters дереккөзі «жағдай бірнеше күн ішінде реттелуі мүмкін» деп топшылаған.
Қазақстан Энергетика министрлігі мұнай экспортының толықтай тоқтатылғаны жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда қазақстандық мұнай ресейлік порттар арқылы экспортталып жатыр.
«Қазіргі уақытта Ресей Федерациясының теңіз порттары арқылы қазақстандық мұнайды тиеу тоқтатылған жоқ», — деп мәлімдеді министрлік.
Сонымен қатар, «ҚазТрансОйл» АҚ Усть-Луга портындағы жағдайды реттеу үшін Ресейлік компаниямен келіссөз жүргізіп жатыр. Мұнда инфрақұрылым қауіпсіздігін күшейту бойынша қосымша шаралар қолға алынған. Ал бұл оқиға Еуроодақтың Ресейге қарсы енгізген жаңа санкциялар пакетінен кейін орын алды. Жаңа шектеулер банк секторы мен Ресей мұнайы үшін «жылжымалы баға шегін» енгізуді көздейді.
RUS