SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Қаржылық мониторинг агенттігі «СК-Фармация» ЖШС мен фармацевтика саласының басқа да субъектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Facebook парақшасында хабарлады.
Бұған дейін, 30 маусымда Базарбек фармацевтика саласындағы аудит нәтижелері, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі ұрлықтар, ауыл шаруашылығындағы субсидиялар және Үкімет есебі бойынша Бас прокуратураға төрт арыз жолдайтынын мәлімдеген болатын.
— Жоғарғы аудиторлық палатаның анықтаған деректері бойынша Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов екеуіміз Бас прокуратураға бірлескен арызбен жүгінгеннен кейін, прокурорлар құқық қорғау органдарымен бірлесіп, «СК-Фармация» ЖШС мен фармацевтика саласындағы бірқатар субъектілерге қатысты қылмыстық тергеуді бастады, — деп жазды депутат.
Анықталған негізгі заңбұзушылықтар:
«Инфекциялық ауруларға қарсы препараттар ғылыми орталығы» АҚ 166,4 млн теңгеге жалған клиникалық зерттеулер жүргізген;
Сол орталық 36,7 млн теңгеге құрал-жабдық сатып алуға негізсіз қаржы игерген;
«СК-Фармация» ЖШС дәрі-дәрмек сатып алу кезінде бюджетке 35,8 млрд теңге көлемінде шығын келтірген;
«КазМедПром» ЖШС «СК-Фармацияға» медициналық қолғап жеткізу барысында 5,3 млрд теңге бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланған — бағалар негізсіз көтерілген.
Базарбектің айтуынша, 35,8 млрд теңге көлеміндегі залал фактісі Бас прокуратураның ақпараттарды тіркеу кітабына енгізіліп, процессуалдық шешім қабылдау үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне берілген.
— Сонымен қатар, жалған клиникалық зерттеулер мен 200 млн теңгеден астам қаржыны негізсіз игеру деректері бойынша Алматы қаласы прокуратурасына тексеру жүргізу туралы тапсырма жолданды. Бұдан бөлек, Бас прокуратура «СК-Фармация» ЖШС мен Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына қатысты қосымша тексерулерді бастамалады, — деді депутат.
Айта кетейік, 2025 жылдың маусым айында Жоғарғы аудиторлық палата фармацевтика саласындағы күрделі заңбұзушылықтарды анықтаған болатын. Есепте дәрі-дәрмек бағасының 600%-ға дейін қымбаттатылғаны, бір көзден күмәнді сатып алулар жасалғаны және препараттарды нарыққа шығарудағы кешігулер айтылған. Қаржылық заңбұзушылықтардың жалпы сомасы — 3,7 млрд теңге, ал мемлекетке келтірілген ықтимал шығындар — 22 млрд теңгеге жуық.

Facebook/Бақытжан Базарбек
RUS