SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетау қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында 21 жастағы қала тұрғынына қатысты үкім шықты. Ол 17 жастағы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, жеңгетайлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қыркүйек айында сотталушы С. кәмелеттік жасқа толмаған Ю. есімді қыздың интимдік қызметтер туралы мәліметін интернет ресурстардың бірінде жариялаған. Бұдан кейін ол жәбірленушіні жеке көлігімен түрлі мекенжайларға жеткізіп отырған.
Сондай-ақ сотталушы басқа бір кәмелетке толмаған қыз — Ч.-нің банктік картасын пайдаланып, клиенттерден түскен төлемдерді сол есепшотқа аудартып отырғаны анықталды.
Сотта С.-ның кінәсі жәбірленушінің жауабымен, бейнебақылау камераларынан алынған жазбалармен, қонақүй деректерімен, сондай-ақ сотталушының телефонындағы фотосуреттер және банктік операциялармен расталды.
Сот үкімімен С. 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, қылмыс жасау барысында пайдаланған көлігі тәркіленді.