SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысындағы Шетпе ауылы қатты жауын-шашынның астында қалып, тұрғындар бұрын-соңды болмаған табиғат апатына куә болды. Нөсер жауын бірнеше сағат толастамай жауып, көшелерді өзенге, ал аулаларды шалшық көлге айналдырды. Бұл туралы КТК арнасы жеткізді.
Сел тасқыны салдарынан теміржол өткелі уақытша жабылып, жолдарда көлік қозғалысы мүмкін болмады. Әкімдік дерегінше, 14 аула толықтай су астында қалған. Ағын сумен бірге кейбір үйлердің қоршаулары мен даладағы әжетханаларын да ағызып әкеткен.
Төтенше жағдайлар департаменті мен ауыл әкімдігі зардаптарды жоюмен айналысып жатыр. Ауылда тұратын 9 адам эвакуацияланып, туыстарының үйіне орналастырылған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай табиғи апат бұл өңірде бұрын-соңды болмаған.
Ауыл әкімінің айтуынша, Шетпенің өзінен бөлек, көршілес Жармыш, Оңды, Шайыр, Отпан және Жыңғылды ауылдарынан да құтқарушылар мен коммуналдық қызмет өкілдері көмекке келген.
— «Шетпе ауылындағы арнайы қызметтерден бөлек, Жармыш, Оңды, Шайыр, Отпан және Жыңғылды ауылдарынан келген әріптестеріміз де су соруға көмектесіп жатыр. Қазір 20 мотопомпа жұмыс істеуде», – деді ауыл әкімі Айдос Шамғұлов.
Қазіргі уақытта апат салдарын жою жұмыстары Ашыбұлақ шағын ауданында жалғасып жатыр.