SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өзбекстанның Самарқанд қаласына емделу мақсатында келген Ресей азаматшасы таксисттің зорлығына ұшырағанын мәлімдеді. Бұл туралы «НеМолчи.Уз» жобасы мәлімдеді.
Әйел адамның айтуынша, оқиға 12 шілде күні қала сыртындағы жеке сапар кезінде болған. Ол таксистпен жағажайға бара жатқанда, ер адам оған күш көрсетіп, зорлық жасаған.
Зардап шеккен әйел оқиғадан кейін өзі қалалық ішкі істер басқармасына жүгінген. Алайда құқық қорғау органдары оның телефонын тартып алуға тырысқан және өз қолымен жазбаған арызға қол қоюды ұсынған көрінеді.
Медициналық мекемеде оның денесінен түрлі жарақаттар, көгерулер, сондай-ақ гинекологиялық тексеріс барысында зорлық белгілері анықталған.
Кейін күдіктімен беттестіру жүргізілгенімен, таксист кінәсін мойындамаған. Бірнеше күннен соң ресейлік азаматша жеке клиникада болған жерінен ұсталып, қолына кісен салынған күйі изоляторға жеткізілген. Ол түнді қамауда өткізіп, артынша 19–22 шілде аралығында психиатриялық ауруханада болған. Дегенмен, медициналық қорытындыда тексеріс үзіліп қалғаны жазылған.
16 шілде күні әйел Ташкенттегі Ресей елшілігіне ресми арыз тапсырған. Бірақ содан бері тергеу органдары тарапынан ешқандай байланыс болмағанын айтып отыр. Ол құқықтық көмек пен әділ тергеу жүргізуді сұрайды.
«NeMolchi.uz» жобасы оқиғаға қатысты растайтын құжаттар мен медициналық анықтамалар бар екенін хабарлады.
Қазіргі уақытта Өзбекстанның құқық қорғау органдарынан ресми түсініктеме берілген жоқ.
RUS