SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы №2 көпбейінді қалалық аурухана дәрігерлері әлеуметтік желіде тараған даулы жазбаға қатысты пікір білдіріп, оның авторына қарсы сотқа шағым түсірмек. Бұл туралы Stan.kz жазды.
Бұған дейін желіде осы ауруханада жатқан жүкті әйелдің сәбиінен айырылғаны туралы жазба тараған. Автор — науқаспен бір палатада жатқан әйел — дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптап, жүктілікті тоқтатуға нақты қауіп болғанына қарамастан медициналық көмек көрсетілмеді деп жазған.
«Ол қансырап жатты, жылады, көмек сұрады. Бірақ ешкім қарамады. Бұл — сұмдық. Әйел адам тіпті ауруханада да өзін қауіпсіз сезіне алмайды», — делінген жазбада.
Алайда Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы науқас уақытылы госпитализацияланып, барлық тиісті ем-шараны хаттамаға сай алғанын мәлімдеді. Басқарма дерегінше, жүктілік бәрібір тоқтатылған, бірақ бұл жағдайда эмбрион өте кішкентай болған, сондықтан жатырішілік ұрық дамуы болмаған.
Аурухана директоры Изат Бюрабековтің айтуынша, емдеу кезінде бөлімшеде 40-қа жуық науқас болған, сондықтан барлығына динамикалық бақылау жүргізілген. Дәрігерлер жүктілік кезінде айтарлықтай қан кету тіркелмегенін, тек қанды бөліністер болғанын атап өтті.
Бюрабеков желідегі жазба авторы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқанын айтып, Азаматтық кодекстің 143-бабына («Ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау») сәйкес сотқа жүгінетінін жеткізді. Оның айтуынша, аурухана ешкімнен жазбаны жоюды сұрамағанымен, автор постты өз еркімен өшірген.
«Науқас Диана 1,5–2 сағат сайын тексерістен өтіп отырды. Егер қан кету тіркелсе, басқа емдеу тактикасы қолданылар еді. Бірақ мұндай жағдай болмады. Оның гемоглобині де қалыпты деңгейде болды», — деді аурухана басшысы.
RUS