724

Израиль атысты тоқтатпаса, Ұлыбритания Палестинаны мемлекет ретінде мойындамақ

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер маңызды мәлімдеме жасады.

Израиль атысты тоқтатпаса, Ұлыбритания Палестинаны мемлекет ретінде мойындамақ
Pool/Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер егер Израиль Газа секторындағы әскери қимылдарын тоқтатпаса және бейбіт келіссөздерге нақты қадам жасамаса, оның елі қыркүйек айында Палестинаны ресми түрде мемлекет ретінде танитынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Палестинадағы жағдайға байланысты өткен үкімет отырысында айтты.

Стармер Израиль билігіне мына талаптарды қойды:

Газадағы «қорқынышты жағдайға» нүкте қою;

атысты тоқтату;

Батыс жағалауды аннексияламауға уәде беру;

екі мемлекет негізіндегі шешімді жүзеге асыруға дайын болу.

Британ үкіметінің басшысы аймақта ХАМАС-қа орын жоқ екенін айтып, бұл ұйымды Израильдегі тұтқындарды босатуға және қаруды тастауға шақырды.

АҚШ пен ЕО-дан бөлек, халықаралық қауымдастық Израильге Газа секторындағы гуманитарлық апатты жағдай үшін қысымды күшейтіп жатыр. БҰҰ мәліметінше, балалар арасында аштық өршіп, жаппай ашаршылық қаупі артуда.

Израиль болса, палестиналықтарға қысым жасау үшін аштықты пайдаланғанын жоққа шығарып отыр. Тель-Авивтің айтуынша, гуманитарлық көмектің басым бөлігін ХАМАС тартып алып жатыр. Қазір Израиль әскері белгілі бір уақытқа ұрыстарды тоқтатып, азық-түлік тиелген гуманитарлық жүктерді тұрғындарға жеткізуге мүмкіндік беріп жатыр.

Стармердің бұл мәлімдемесін Франция қолдады. Париж де Палестина мемлекетінің мәртебесін заң жүзінде мойындауға жақын екенін білдіріп, бұл қадам аймақта бейбітшілікке жол ашады деген үмітте.

Материал авторы