SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында 16 жастағы жетісайлық қыз балалық шағын бала бағумен аяқтауға мәжбүр болды. Ол 15 жасында тұрмысқа шығып, келесі жылы ана атанған. Жасөспірімнің айтуынша, болашақ баласының әкесі оны күштеп көндіріп, кейін жалғыз тастап кеткен. Бұл туралы Otyrar арнасы жеткізді.
«Ол кезде 15 жаста едім. Әскерде қызмет ететін. Instagram арқылы танысып, үш айдай сөйлестік. 7 наурыз күні менің үйіме келді. Басында қалада жай ғана серуендедік. Кейін пәтерге кіріп, заттарын қалдырайық деді. Сол жерде мені зорлады», — дейді қыз.
Бұл оқиға оның өмірін төңкеріп жіберген. Қоғамнан шеттеп, мектепке барудан қалған. Анасымен бөліскеннен кейін полицияға арыз жазылғанымен, жігіттің туыстары «қазақи шешейік» деп, алдымен мектепті бітіртіп, кейін үйлендіреміз деген ұсыныс айтыпты. Нәтижесінде, маусымда жігіт әскери қызметтен шығып, екеуі дәстүрлі түрде сырға салып, атастырылған.
Көп ұзамай, қыздың аяғы ауыр болғаны белгілі болады. Дәрігерге тіркеуге барғанда полиция шақырылып, қылмыстық іс қозғалады. Алайда бір жыл өткен соң, қыз 16-ға толғанда іс тоқтатылған. Осы сәтте жігіттің отбасы қызды туған үйіне қайтарып, жігіт хабарсыз кеткен.
«Перзентханада босанған кезімде әлі де оралар деп үміттендім. Бірақ бәрі бекер екен. Енді тек заңмен жазалансын. Балаға алимент төлесін. 5 ай өтті, одан еш хабар жоқ», — дейді жас ана.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында өңірде 104 жасөспірім қыздың жүкті болғаны тіркелген. Өткен жылы бұл көрсеткіш 239 болған. Жүкті болғандардың арасында 13–14 жастағы қыздар да бар.
Мамандар мұндай жағдайлардың негізгі себебі — ата-ананың бақылауының әлсіздігі мен ерте жыныстық қатынасқа түсуге итермелеу екенін айтады. Дәрігерлердің сөзінше, 13–16 жас аралығындағы қыздардың ағзасы әлі толық қалыптаспағандықтан, ерте жүктілік кезінде анемия, қан жоғалту сынды қауіптер күшейеді.
Еске сала кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі жүктілік үшін ең қауіпсіз жасты 20–25 жас аралығы деп белгілейді.
RUS