1527

Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдады

Доллар бағамы 550 теңгеден асып кетті. Енді Ұлттық банк валюта нарығына араласпақ.

Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдады
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша,30 шілде күнгі сауда барысында АҚШ долларының бағамы 550 теңге шегінен асып кетті. Бұл жағдай ұлттық валютаның одан әрі құнсыздануын болдырмау мақсатында Ұлттық банктің валюта нарығына араласуына себеп болды.

Ресми мәліметке сәйкес, шілде айының басынан бері теңге 5,8%-ға, ал жыл басынан бері 4,7%-ға әлсіреген. Ұлттық банк валюта нарығындағы өтімділіктің төмендеуі мен спекуляциялық қысымның артуына байланысты интервенция жасауға мәжбүр болғанын мәлімдеді.

«Негізгі экономикалық жағдайлар әлі де қолайлы: әлемдік мұнай бағасы 70 доллардан жоғары деңгейде тұрақты, ал жаһандық нарықта доллар әлсіреу үрдісінде. Сондықтан теңгенің қазіргі әлсіреуі нақты экономикалық факторлармен емес, уақытша нарықтық қысыммен байланысты. Бұл теңгенің бағаланбағанын көрсетеді», — делінген Ұлттық банк мәлімдемесінде.

Қаржылық реттеуші жағдайды бақылауда ұстайтынын және қажет болған жағдайда бағам тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шаралар қабылдайтынын хабарлады. Сонымен қатар, валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдікті қалпына келтіруге күш салынбақ.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор