Назарбаевтың балдызы Дубайдан құны жарты миллиард теңге болатын пәтер сатып алған
Назарбаевтың екінші әйелі Әсел Құрманбаеваның өгей сіңлісі Дубайдағы элиталық жылжымайтын мүлік иесі болып шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жары Әсел Құрманбаеваның туысы — Ақмарал Есполованың Дубайдан қымбат апартамент сатып алғаны белгілі болды. Бұл туралы Telegram-арна «Выход к морю» жазды.
Ақпаратқа сәйкес, ол Paramount Tower Hotel & Residences кешенінің 40-қабатынан террасасы бар үш бөлмелі пәтер иеленген. Оның құны – шамамен 520 миллион теңге. Ғимаратты 2021 жылы Қытайдың мемлекеттік құрылыс корпорациясы салған. Төменгі қабаттар – қонақүй, ал жоғарғы қабаттар – тұрғын үй ретінде пайдаланылады. Шатырында бассейн орналасқан.
Ақмарал Есполова – академик Тілектес Есполовтың қызы. Оның отбасы Назарбаевтар әулетімен бұрыннан байланысты. Мәселен, Ақмаралдың інісі Айдос Есполов Болат Назарбаевтың қызы – Гүлмираға үйленген. Олардың баласы Нұрсаин 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде жұрт назарына түскен.
Ақмарал бұған дейін «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» мен Астанада тіркелген, бірақ белсенді жұмыс істемейтін YN LLC құрылыс компаниясында үлес иесі болған.
Айта кетсек, ол – Назарбаевтар әулетінің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жылжымайтын мүлікке ие жалғыз мүшесі емес. Бұған дейін «Азаттық» журналистері отбасы мүшелерінің Дубайда миллиардтаған теңгеге бағаланатын мүлік иеленіп отырғаны жайлы зерттеу жариялаған. Солардың бірі – Тимур Құлыбаевтың Абу-Дабиде салып жатқан $24 млн-дық вилласы.
АҚШ-тағы Қорғаныс зерттеулерінің перспективалық орталығының дерегінше, қазақстандықтарға тиесілі Дубайдағы мүліктің жалпы құны $1 млрд-тан асады.
Материал авторы