SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде түн ортасында жас жігіт қызды көлікке күштеп отырғызып, алып кетпек болған. Бұл оқиға куәгерлердің телефонына түсіп, әлеуметтік желіде таралған.
Оқиға 23:38 шамасында Докучаев көшесінде болған. Видеода қыздың көлікке отырғысы келмей, жылап: «Өтінемін, қажет емес» деп айқайлағаны естіледі. Куәгерлер бұл жағдайға бейжай қарамай, көліктің нөмірін түсіріп алып, бейнежазбаны таратып жіберген.
Полицияның мәліметінше, көлікте 23 жастағы ер адам мен оның танысы болған. Олардың арасында тұрмыстық жанжал туындап, ер адам қызға күш көрсетіп, дене жарақатын салған. Осыған байланысты ол қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары ер адамның жол қозғалысы ережелері мен түнгі қоғамдық тыныштықты бұзғанын да анықтады.
Қазіргі уақытта қыз қорғауға алынған. Құқық қорғау органдары зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында тиісті шараларды қолға алып, онымен тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
RUS