SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал әнші Мирас Жүгінісов Ақтөбедегі мешітте туындаған жанжалға байланысты өз пікірін білдіріп, дау ортасына түскен ағасы Рүстем Жүгінісовке қатысты ойын айтты. Әнші бұл туралы Instagram парақшасында жазба жариялады.
«Соңғы күндері ағамның айтқан пікірі қоғамда үлкен резонанс тудырып, кей жандардың көңіліне тиіп жатыр. Ол — өз ойын білдірген жеке тұлға. Ал менің өз жолым, өз ұстанымым бар. Мен отбасымның әр мүшесін құрметтеймін, бірақ олардың әрқайсысының көзқарасы менікімен сәйкес келе бермейді. Кейде осыған байланысты түсінбестік те туындайды. Шынымды айтсам, мұндай жағдайға тап боламыз деп ойламадым. Не айтқым келгенін сіздер түсініп отырсыздар деп ойлаймын», — деді Мирас.
Ол өзінің шығармашылығы әрдайым адамға, әсіресе әйелге құрмет көрсету идеясын насихаттайтынын ерекше атап өтті.
«Менің шығармашылығым — адамға деген құрмет жайлы. Нәзік жандыларға арналған әндерім де бар. Себебі әйел адамның менің өмірімде алатын орны ерекше. Бұл жағдайдан көңілі қалған жандардан кешірім сұраймын. Сіздердің сенімдеріңіз мен үшін өте маңызды», — деп жазды әнші.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Рүстем Жүгінісовтің мешітте әйел адамға қатқыл сөйлеп, дауыс көтерген видеосы тарап, қоғамда қызу талқыға түскен еді.
RUS