SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Эммануэла Наурызбаева өзін мешітте әлімжеттікке ұшырадым деп ашық айтқан соң, Алматыда көшеде бейтаныс адамның тіл тигізгенін мәлімдеді. Қыз құқық қорғау органдарына жүгінді.
Наурызбаеваның айтуынша, оны көшеде танып қалған ер адам мешіттегі жағдай туралы сұрап, артынша балағаттап, «шайтан» деп атаған. Сондай-ақ ол қызды ислам дінін қараламақ болды деп айыптаған. Жәбірленуші бұл әрекетке байланысты полицияға арыз жазған.
«Мен жанжал іздеген жоқпын. Даңқ қуған да емеспін. Тек өзімді, әйелдерді, балаларды қорғағым келді. Мешіттегі әлімжеттікке дәлел болсын деп видео түсірдім. Ақиқат мені қорғайды деп сендім. Бірақ мені қорғаудың орнына адамдардың кері шабуылына ұшырадым. Сол кезден бастап мені қудалап, қорқытып, үнсіз қалуға мәжбүрлеп жатыр», — деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбедегі мешіттердің бірінде бейтаныс ер адам қызды сыртқа дейін аңдып барып, жолын бөгеп, екіұшты, әдепсіз сөздер айтқаны хабарланған еді. Кейін күдікті ұсталған.
ҚР Бас мүфтияты бұл оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасап, ер адамның әрекетін айыптаған еді.
RUS