Астанадағы Дженнифер Лопестің концертінде төбелес шығарған полиция бастығының әйелі боп шықты
Полиция ресми мәлімдеме жасады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде тараған видеода Дженнифер Лопестің Астанада өткен концертінде әйел адамның қауіпсіздік қызметі тарапынан залдан күштеп шығарылғаны көрсетіледі. Көпшілік бұл азаматшаны Павлодар облыстық полиция департаменті басшысының орынбасарының әйелі деп болжаған. Бұл ақпаратқа байланысты елордалық полиция департаменті түсініктеме берді.
Астана ПД мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған, ал тергеу барысы департамент басшылығының жіті бақылауында.
«Иә, бұл азаматша полиция қызметкерінің жұбайы екені расталды. Бірақ бұл жайт оның әрекетіне берілетін құқықтық бағаға еш әсер етпейді. Керісінше, мұндай жағдайларда қоғам алдындағы жауапкершілік те арта түседі», – делінген ведомство хабарламасында.
Полиция өкілдері барлық азаматтардың заң алдында тең екенін атап өтті.
«Қызметтік немесе отбасылық байланыс жазадан жалтаруға себеп емес. Жазаның бұлтартпастығы – құқық үстемдігінің негізгі қағидаларының бірі», – деп қосты департамент өкілдері.
Еске салайық, әлеуметтік желіде тараған видеода қауіпсіздік қызметі мас күйде тәртіп бұзып, басқаларға кедергі келтірген әйелді концерт залынан күштеп алып шыққаны көрсетілген. Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр.
Материал авторы