SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда 83 жастағы қоғам белсендісі Амантай қажыға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаменті хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Амантай қажының көпқабатты үйдің кіреберісінде әйел адамды итеріп жіберген сәті түсірілген видео тараған еді. Оқиға қоғамдық резонанс тудырды.
Полиция аталған жағдайды ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы – «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша тіркеді.
«Жәбірленушінің алған жарақатының ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір қылмыстық іс аясында тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның нәтижесіне қарай нақты процестік шешім қабылданады», – деді ведомство өкілдері.
ҚР ҚК 107-бабының 1-бөлігі бойынша мынандай жаза түрлері қарастырылған:
1 000 АЕК-ке дейін (шамамен 3,9 млн теңге) айыппұл салу,
не сол мөлшерде түзету жұмыстарына тарту,
не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту,
не екі жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Айта кетейік, Амантай қажы – Қазақстандағы танымал қоғамдық тұлғалардың бірі. Бірақ бұл жолғы әрекеті қоғамда сынға ұшырады. Тергеу нәтижесінде ол нақты қандай жазаға тартылатыны белгілі болмақ.