15836

ҰҚК 16 млн қазақстандықтың жеке дерегінің таралуына қатысты тергеуді жалғастырып жатыр

16 миллион қазақстандықтың жеке деректері белгісіз жолмен тараған еді.

ҰҚК 16 млн қазақстандықтың жеке дерегінің таралуына қатысты тергеуді жалғастырып жатыр
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті 16 миллион азаматтың жеке дерегінің таралуына қатысты тергеу амалдары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 208-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. ҚПК-нің 201-бабы 1-бөлігінің талаптарына сай, өзге мәліметтер жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК-ның Kazinform агенттігіне берген ресми жауабында.

Еске салайық, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында 16 миллион қазақстандықтың жеке деректері белгісіз жолмен тарағаны туралы ақпарат тараған. Бұл жайт қоғамда кең резонанс тудырды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бұған қатысты пікір білдіріп, мемлекеттік дерекқор жүйесі бұзылмағанын айтқан болатын. Аталған фактіге байланысты биыл маусым айында қылмыстық іс қозғалды. Ол кезде іс материалдары Ішкі істер министрлігіне жолданып, тергеу амалдарын аталған ведомство жүргізетіні хабарланған еді.

Шілде айында Денсаулық сақтау министрлігі де мәліметтер таралу фактісіне қатысты түсініктеме беріп, бұл оқиғада өз құзырындағы базалардан ақпараттың сыртқа шықпағанын жеткізген болатын.

Материал авторы