Шавкат Рахмоновтың жары жол апатына байланысты куәгер ретінде танылды
Жол апатынан екі әйел қайтыс болған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың жұбайы қатысқан жол апатынан екі әйел көз жұмды. Қазір Гүлайым Рахмонова бұл іс бойынша «қорғану құқығы бар куәгер» статусында тергеліп жатыр.
Оқиға 27 шілде күні орын алған. Әлеуметтік желілердегі мәліметтерге сүйенсек, апат кезінде көлікті Рахмоновтың жұбайы өзі басқарған болуы мүмкін.
Бұл жайтқа қатысты пікірді Halyqstan Telegram-арнасы жариялады. Жамбыл облысы полиция департаменті тергеу аясында қажетті процессуалдық шаралар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
– Жол-көлік оқиғасына байланысты объективті жағдайды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүріп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Аталған азаматша куәгер ретінде сұралды, оның қорғану құқығы бар. Қазір ол Алматы қаласындағы ауруханада жатыр. Тергеу нәтижесінде оған қатысты процессуалдық шешім заң аясында қабылданады, – делінген полиция мәліметінде.
Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер жария етілмейді.
Еске салайық, жол апаты салдарынан екі әйел қаза тапты. Көлікте Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен олардың ұлы да болған. Денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы туралы ақпарат берген болатын.
Материал авторы