2344

Гарвард «Ана үйін» әлемдік деңгейдегі бірегей жоба деп таныды

Қиын жағдайға тап болған әйелдерге көмектесетін «Ана үйі» енді әлемдік жобаға айналмақ.

Гарвард «Ана үйін» әлемдік деңгейдегі бірегей жоба деп таныды
dom-mamy.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша,«Ана үйі» бастамасы Гарвард бизнес мектебінің (Harvard Business School) зерттеу базасына енді. Бұл – Орталық Азияда алғаш рет әлеуметтік жоба жаһандық деңгейдегі жеке оқыту кейсі ретінде мойындалған тарихи оқиға.

Mother’s Home: Eradicating Social Orphancy in Kazakhstan («Ана үйі: Қазақстандағы әлеуметтік жетімдікті жою») деп аталатын кейсті Гарвард профессоры Борис Гройсберг пен Аннелена Лобб әзірлеген. Құжатта «Mother’s Home International Foundation» қорының қарапайым жергілікті бастамадан халықаралық тұрақты жүйеге дейінгі даму жолы егжей-тегжейлі баяндалған.

Қордың дерегінше, соңғы 12 жыл ішінде мемлекеттік органдар және әлеуметтік қорғау саласындағы серіктестермен бірлесіп жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Қазақстандағы балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны үш есе азайған.

«Бұл жай ғана статистика емес – бұл анасынан ажырап қалмаған мыңдаған баланың тағдыры. Біз паналау орталығын емес, әр балаға отбасында өсуге мүмкіндік беретін өмірлік жол ашамыз», – дейді «Ана үйі» қорының өкілдері.

Қазір Қазақстанның 18 қаласында 20 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар қиын жағдайға тап болған әйелдерге жедел көмек көрсетіп, жаңа туған балалардан бас тартудың шамамен 70 пайызының алдын алған.

Қор отбасын сақтау мен қалпына келтірудің барлық кезеңін қамтитын кең экожүйе қалыптастырған. Олар: мемлекеттік мекемелер, перзентханалар, қорғаншылық органдары мен ҮЕҰ-лармен тығыз байланыс орнатқан. Бұл – Орталық Азияда әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға бағытталған кешенді әрі тұрақты модельге айналды.

Жоба халықаралық деңгейге шықты

2024 жылдан бастап «Ана үйі» жобасы халықаралық ауқымда жүзеге асырыла бастады. Қазір мұндай орталықтар Қырғызстанда, Украинада және әсіресе Өзбекстанда (5 орталық) жұмыс істейді. Сондай-ақ Түркия, Малайзия, Колумбия мен Таиландта орталықтар ашу мақсатында мемлекеттермен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Гарвард бизнес мектебінің біздің жобаны кейс ретінде таңдауы – бұл тек командамыздың кәсіби біліктілігін мойындау емес. Бұл – әлемге берілген сигнал. Қазақстандық кәсіпкерлер бастамашы болған «Ана үйі» жобасы тұрақты әрі ауқымды әлеуметтік әсер бере алатын үлгі бола алады. Бұл бизнес әлеуметтік мәселелерді жүйелі түрде шешіп, мыңдаған отбасының тағдырын өзгерте алатынын көрсетті», – дейді қор өкілдері.

Материал авторы