465

Түркия Газаға 100 мың тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізді

Түріктер Газадағыларға 25,7 мың тонна азық-түліктен бөлек, балаларға арналған ойыншықтарға дейін тасыған.

Түркия Газаға 100 мың тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізді
aa.com.tr

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасы (AFAD) 2023 жылғы 7 қазаннан бері Газадағы бейбіт тұрғындарға 101 271 тонна гуманитарлық көмек жеткізілгенін мәлімдеген. Жүктер теңіз және әуе жолымен, жергілікті жеткізушілер арқылы және БҰҰ-ның БАПОР агенттігімен бірлесіп жөнелтілген.

Көмек құрамына азық-түлік, ауыз су, медициналық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ баспанаға арналған материалдар кіреді. Атап айтқанда, 25,7 мың тонна азық-түлік, 3,1 мың тонна ауыз су, 351 контейнер, 25,1 мың шатыр, 113,6 мың көрпе, 469 мың дана киім, балаларға арналған 1 083 ойыншық, сондай-ақ 65,2 мың тонна ұн жеткізілген.

Медициналық көмек аясында 8 далалық госпиталь, 53 жедел жәрдем көлігі және 247,5 тонна дәрі-дәрмек жөнелтілген. Өңірде санитарлық жағдайды жақсарту үшін 281 мың гигиеналық жиынтық пен 1 451 генератор таратылды.

Эвакуация және орналастыру
Денсаулық сақтау министрлігінің үйлестіруімен 430 науқас пен 450 еріп жүрген адам 9 рейспен Түркияға жеткізілді. Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған эвакуация барысында 1 229 адамға Стамбулда уақытша баспана мен тамақтану қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта 1 834 адамнан тұратын 613 отбасы Анкара, Стамбул, Конья және өзге де қалаларда орналастырылған.

Қаржылай қолдау
AFAD Мысыр Қызыл Крестіне 7 млн доллар, Түркия Қызыл Жарты ай ұйымы 500 мың доллар бөлген. Сондай-ақ 30 мың тонна ұн жеткізу үшін БАПОР-ға 3 млн доллар бөлінді. Жақын күндері Газға 250 тонна жанармай жіберу жоспарланған.

Материал авторы