SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының бірінде 18 жастағы ақыл-ойы кем қыз зорлық көріп, мекеме ішінде жасырын түрде ота жасалғаны белгілі болды. Бұл туралы «Еуразия бірінші арнасы» жеткізді.
Ресми мәліметке сәйкес, бойжеткен бала кезінен ақыл-ойы кем, жиі сілекейі ағып, кішкентай бала секілді адамдарға ұмтылады. Ол мемлекет қарауындағы интернатта тұрады. Оқиға кезінде қыз ішек жарақатын алған. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, ол өзімен бірге тұратын басқа науқастан жәбір көрген.
Алайда аға мейіргер жедел жәрдем шақыртпай, таныс хирургті шақырып, мекеменің өз ішінде ота жасатқан. Қыздың ішегін төрт жерден тіккен. Медицина қызметкерлері ота жасау үшін ешқандай ресми құжат рәсімдемеген.
«Ішек 1–1,5 сантиметрдей тырнақпен сырылған. Оны ешкім зорламақ болған жоқ. Мен кеңес алу үшін хирург шақырттым. Кеңес алған соң, ішекті тігіп беруін сұрадым. Ол үшін полиция шақырып қайтемін? Бұл әрекетке қабілетсіз балалар ғой. Олардың ата-анасын жазаламайды», – деп түсіндірді аға мейіргер Нұрүл Бодауова.
Болған жайт туралы полиция да, қамқоршысы да, бақылау органдары да білмеген. Сондай-ақ мекемедегі бейнежазбалар жойылып, ешқандай медициналық қорытынды қалмаған. Бұл оқиға тек бір жылдан кейін, жұмыстан босатылған қызметкерлердің шағымы арқылы әшкере болған.
Сараптама нәтижесінде 2024 жылдың мамыры мен қыркүйегі аралығында барлық бейнежазбалардың механикалық жолмен өшірілгені анықталды. Қазіргі уақытта екі күдікті қарастырылып отыр: біреуі – орталықтағы тағы бір науқас, екіншісі – санитар ер адам.
Полиция департаменті бұл іс бойынша қылмыстық тергеу бастағанын мәлімдеді. «Қажетті тергеу әрекеттерінің толық кешені жүргізіліп жатыр», – деді Алматы облысы ПД бөлім басшысы Ернар Сайділдин.
Сонымен қатар орталықта мемлекет қаржысын жымқыру дерегі де анықталған. Мекеме басшысы жұмыстан босатылды.
Бақанас арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 100 адамға арналған, қазіргі таңда онда 73 науқас тұрады.
Ота жасаған хирургтің іс-әрекеті Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы тарапынан тексеріліп жатыр.
RUS