Жамбылда өгей балаларын жылдар бойы азаптап, құл еткен ер адам қамауға алынды
Балалар желіде видео жариялап, құтқаруды сұраған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында өгей әкесі 16 жастағы егіздер мен 10 жастағы баланы бес жыл бойы ұрып-соғып, қорлық көрсеткен деген күдікпен қамауға алынды.
Оқиға әлеуметтік желіде жарақаттанған, үсті-басы көгерген күйі мал бағып жүрген екі жеткіншектің видеосы тарағаннан кейін әшкереленді. Кейін бұл кадрлардың Талас ауданына қарасты Көктал ауылының маңында түсірілгені анықталды. Арнайы комиссия тексеру барысында зардап шеккендердің үшеу екені белгілі болды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Айдана Биғабылованың айтуынша, балалардың бірі белі мен басының қатты ауыратынын айтып, ұзақ уақыт бойғы соққыдан жарақат алғанын жеткізген.
Қазір кәмелетке толмағандар әлеуметтік көмек көрсету орталығында, оларға психологиялық және медициналық көмек көрсетілуде. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Процесс аяқталғанша балалар бейімдеу орталығында қалады.
Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, жағдай жан-жақты зерттелуде.
Материал авторы