SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласы әкімдігі қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық пен көпқабатты үйлердің күрделі жөндеу жұмыстары арасында байланыс жоқ екенін мәлімдеді.
Әлеуметтік желілерде «Тұрғын үй-Шымкент» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Ернар Жиембай мен Берденов арасындағы жанжал 3,4 млрд теңге көлеміндегі қаржыға байланысты туындағаны айтылған еді. Алайда Берденов тергеу барысында ол тараппен ешқандай жұмыс бабындағы келіспеушілік болмағанын, тек тапсырмалардың орындалу барысын сұрағанын жеткізген.
Әкімдік мәліметінше, компания қызметін тексеру үшін Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне хат жолданған. Тексеру барысында атқарылған істердің сапасы, сметалық құжаттарға сәйкестігі және бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы қаралады.
ТКШ жаңғырту бағдарламасы аясында «Тұрғын үй-Шымкент» ЖШС-не:
— 2023 жылы — 1 млрд теңге,
— 2024 жылы — 1,4 млрд теңге,
— 2025 жылы — 1,9 млрд теңге бөлінген.
Биыл 22 үйді жөндеу жоспарланған, оның 15-і аяқталған. Мердігерлерді таңдау және жұмыстарды қабылдау үй кеңестерінің қатысуымен жүргізіледі.
Әкімдік компаниямен келісімшартты бұзу жоспарланбайтынын, барлық мердігер бұрынғы келісімдер бойынша жұмысын жалғастыра беретінін хабарлады.
RUS