Қазақстандық тері өнімдері Қытай нарығына жол ашты
Сертификат бекітілген соң, Қазақстаннан Қытайға толыққанды жеткізілімдер басталады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық кәсіпорындар алғаш рет Қытайға мал терісі мен жануар тектес басқа да өнімдерді тікелей экспорттай алады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті хабарлады.
Комитеттің мәліметінше, Қытай Халық Республикасының азық-түлікке жатпайтын өнімдер реестріне бірден тоғыз қазақстандық кәсіпорын енгізілген. Мұндай мүмкіндік 2024 жылдың қарашасында Қазақстан АШМ мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасында ірі қара малдың шикі терілеріне қатысты арнайы хаттамаға қол қойылғаннан кейін пайда болды.
Жаңадан бекітілген реестрге жеті компания кірді. Олар ірі қара малдың терілерін жинау, өңдеу және экспорттаумен айналысады. Тағы екі кәсіпорын – артемия цисталарын өндіру және жеткізу саласында жұмыс істейді.
Қазір тараптар экспортты бастау үшін міндетті саналатын ветеринариялық сертификаттың нысанын келісу үстінде. Сертификат бекітілген соң, Қазақстаннан Қытайға толыққанды жеткізілімдер басталады.
Ведомство өкілдері бұл бағыттағы жұмыстың жалғасатынын, алдағы уақытта Қытайға жіберілетін мал шаруашылығы өнімдерінің түр-түрін көбейту және реестрге жаңа кәсіпорындарды қосу жоспарланып отырғанын айтты.
Бұған дейін Қазақстан экспортерлері Қытайға өнім өткізу кезінде бірқатар кедергілерге тап болған еді. Себеп – ветеринариялық сертификаттардың тапшылығы және шекарадан вагон өткізуге қойылған шектеулер. Соның салдарынан кейбір жүк жеткізілімдері кешеуілдеп, бизнеске миллиондаған шығын келген.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені шешу үшін өңірлер арасында бланкілерді жедел қайта бөлуге кірісіп, Бейжіңмен тез бұзылатын өнімдерге арналған «жасыл дәліз» ашу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.
Материал авторы