SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда өткен тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге ең ерекше қатысушылардың бірі – 85 жастағы Нұрихан апа болды. Ол өмірін толықтай бала тәрбиесіне арнап, кезінде жоғары білім алуға мүмкіндік таппаған. Биыл көптен бергі арманын жүзеге асырып, университетке түсу мақсатында ҰБТ тапсырып көруге бел буды. Бұл туралы ақпаратты Ұлттық тестілеу орталығы таратты.
Нұрихан апаның туыстары бастамасын қолдап, оны тестілеуге тіркеуден өткізуге көмектесті. Емтихан болатын күні әжені балалары мен немерелері арнайы ертіп келді. Аудиторияға кірер алдында ол жастарға бата беріп, сәттілік тілеп:
«Білім алуға, ізденуге ешқашан кеш емес. Жасқа қарамастан, мақсатқа ұмтылыңдар», – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Дегенмен, сынақтан өтуіне компьютермен жұмыс істеу дағдыларының болмауы кедергі келтірді. Соған қарамастан, Нұрихан апа мойымады – компьютерді меңгеріп, келесі жылы қайтадан ҰБТ тапсыратынын айтты.
Айта кетейік, тамыздағы ҰБТ 10 тамызда басталды. Биыл бұл кезеңге 28 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
RUS