SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен дәстүрлі республикалық тамыз конференциясы басталды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылған бұл жиын «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өтуде. Мақсат – заман талабына сай, адамгершілігі жоғары, кәсіби білікті әрі әлеуметтік жауапты жас ұрпақты тәрбиелеу жолдарын талқылау.
Конференция бағдарламасында бірқатар басым бағыттар қарастырылған:
– «Адал азамат» бағдарламасы аясында оқыту мен тәрбиелеуді ұштастыру;
– техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кәсіби бағдар мен болашақ дағдыларын (hard, soft, digital) дамыту;
– орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізу кезінде әдеп, қауіпсіздік және сапа талаптарын сақтау;
– «Қазақстан балалары» стратегиясын іске асыруда мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігін нығайту;
– инклюзивті білім беру тәжірибесін жетілдіру.
Шараға 1 500-ден астам делегат қатысуда. Конференция аясында «Келешек мектептері», «Абай ұлттық мектебі», «Дарынды балалар – ел мақтанышы», «ТжКББ-дегі үздік тәжірибелер» және «Білім берудегі цифрлық шешімдер» тақырыптық көрмелері ұйымдастырылған. Мұнда жасанды интеллект, заманауи цифрлық құралдар, интерактивті платформалар және оқу үдерісін тиімді ұйымдастырудың жаңа әдістері таныстырылуда.
Жиын соңында педагог мәртебесін арттыруға бағытталған қарар қабылданып, үздік ұстаздар марапатталады. Сондай-ақ салтанатты бөлімде қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен концерт өтеді.
RUS