Маңғыстауда 17 жастағы жасөспірімді өлтірген іс бойынша сот үкімі шықты, марқұмның отбасы келіспей отыр
Сағындық Құрманияз 8 сәуір күні Бейнеу ауданының Ақжігіт ауылында жұмбақ жағдайда көз жұмған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау аудандық сотында Ақжігіт ауылында кәмелетке толмаған жігітті өлтіру ісі бойынша үкім жарияланды. Алайда шешім марқұм Сағындық Құрманияздың туыстарын қанағаттандырмады. Бұл туралы Lada.kz жазды.
Жәбірленуші тараптың өкілі, Маңғыстау облысы заң консультанттары палатасының мүшесі Ажар Абдилдің айтуынша, сот 20 жастағы айыпталушыны орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен.
— Жәбірленуші тарап бұл үкіммен келіспейді, себебі жауапкершілікке бір ғана адам тартылып отыр. Біз барлық топ мүшелерінің жазаланғанын қалаймыз. Апелляциялық шағымды Маңғыстау облыстық сотына береміз, — деді ол.
Марқұмның туыстары Ақжігіт ауылында мектеп оқушыларын қорқытып, ақша бопсалап, тіпті үй шаруасына мәжбүрлеп жұмыс істеткен ұйымдасқан топ болғанын айтады. Олардың болжамынша, Сағындық осы топтың әрекетінің құрбанына айналған.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, екі ондықтан астам отбасы полицияға шағымданып, бопсалау деректерін тексеруді сұраған. Алайда прокуратура бұл фактілер расталмады деген қорытынды жасаған.
Сағындықтың туыстары істі «топтық қылмыс» ретінде саралап, барлық қатысушыларды жазалауды талап еткен. Тергеу материалдары сотқа түскен соң олар істі қосымша тергеуге жіберу туралы өтініш білдірген, бірақ сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
— Тергеу әрбір қатысушыға нақты баға беруі керек еді. Кім ұйымдастырушы, кім орындаушы – барлығын анықтау қажет. Бұл кем дегенде төрт адам. Сондай-ақ, қорқыту, бопсалау, еңбекке мәжбүрлеу фактілері де тергеу барысында лайықты бағаланбады, — деді Ажар Абдил.
Сағындық Құрманияз 8 сәуір күні Бейнеу ауданының Ақжігіт ауылында жұмбақ жағдайда көз жұмған. Бастапқыда туыстарына оның құлап, жарақат алғаны, соның салдарынан қайтыс болғаны айтылған. Алайда кейін оның қасақана өлтірілгені белгілі болды.
Марқұм – ата-анасының жалғыз ұлы еді. Ол 11-сынып оқушысы болатын және химия-биология бағыты бойынша жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрген.
Сотталушы – марқұмның ауылдасы, 20 жастағы жігіт. Ол ҚР ҚК-нің 196-бабы 3-бөлігі («Абайсызда адам өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын салу») бойынша кінәлі деп танылды.
Материал авторы