Федералдық судьяны сот ғимаратының алдында өлтіріп кеткен: Күдікті Украинадағы соғысқа қатысқан
Қылмысқа қызғаныш себеп болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Волгоград облысының Камышин қаласында қалалық соттың алдында федералдық судьяның мәйіті табылды. Тергеу комитетінің мәліметінше, марқұмның денесінде оқ жарақаттары мен пышақ іздері болған.
Күдікті оқиға орнында ұсталды. Ол — жергілікті тұрғын. Қазіргі уақытта оған аса қатыгездікпен кісі өлтіру (РФ ҚК 105-бабы, 2-бөлімі, «д» тармағы) және қаруды заңсыз сақтау (РФ ҚК 222-бабы, 1-бөлімі) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу органдары әзірге марқұм мен күдіктінің аты-жөнін ресми түрде жариялаған жоқ.
Алайда бірнеше ресейлік Telegram-арнаның хабарлауынша, қаза тапқан адам — федералдық судья Василий Ветлугин. Таратылған деректерге сүйенсек, оны сот ғимаратынан шыққан сәтінде аңдып жүріп, карабинмен атып өлтірген, артынша оның денесіне ауыр қорлық көрсеткен.
Telegram-арналар күдіктінің өзі полицияға берілгенін жазады. «112» дерегінше, ол — 47 жастағы Сергей К., Камышин тұрғыны. РБК өз дереккөздеріне сілтеме жасап, оның Украинадағы соғысқа қатысқан бұрынғы әскерилердің бірі болуы мүмкін екенін хабарлады. Дегенмен Baza арнасы бұл мәліметтің ресми түрде расталмағанын атап өтті. Тергеу комитетінің айтуынша, күдікті коммерциялық іспен айналысқан.
Бейресми ақпарат бойынша, қылмысқа қызғаныш себеп болуы ықтимал. «112» және Mash арналарының дерегінше, ер адам әйелі федералдық судьямен байланыста болғанын білген соң оны өлтіруге бел буған.
Материал авторы