Алматыда жалған тур сатып, жұртты алдаған әйел ұсталды
Әйел шетелге жалған саяхаттар ұйымдастырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алмалы аудандық полиция қызметкерлері шетелге саяхат ұйымдастыруды желеу етіп, бірнеше тұрғынды алдаған 26 жастағы әйелді қамауға алды.
Тергеу мәліметінше, ол әлеуметтік желі арқылы туристік агенттік өкілі ретінде хабарласып, шетелге сапар ұйымдастырамын деп уәде берген. Алайда жәбірленушілердің ақшасын алған соң, уәдесін орындамай, қаражатты өз қажеттілігіне жаратқан.
Қазір күдіктінің өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алмалы аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ержан Оразаев тұрғындарға турпакет сатып аларда аса сақ болуға кеңес берді.
«Компанияның беделін алдын ала тексеріп, ресми келісімшарт жасаңыз. Жолдаманы тек заңды тұлғаның ресми реквизиттері арқылы төлеңіз. Интернеттегі бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз – бұл сізді қаржылық шығыннан қорғайды», – деді ол.
Материал авторы