SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Аляскада өткен АҚШ пен Ресей президенттерінің саммиті қызыл кілем мен ресми қол алысудан басталып, «келісім болмайды» деген Дональд Трамптың мойындауымен аяқталды. Кездесу барысында да, кейін де тараптар Украинада атысты тоқтату туралы ештеңе айтпады.
Саммит Анкоридж қаласындағы Элмендорф-Ричардсон біріккен әскери базасында басталды. Журналистер қойған «Владимир Путин бітімге келісе ме?» деген сұраққа екі лидер де жауап бермеді.
Трамп ресейлік әріптесін Cadillac One лимузинімен саммит өтетін орынға жеткізді. Келіссөздерге АҚШ тарапынан мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен арнайы кеңесші Стив Уиткофф, Ресей жағынан Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен президент көмекшісі Юрий Ушаков қатысты.
Екі жарым сағатқа созылған кездесуде алғашқы сөз Ресей президентіне берілді. Путин Украина халқын «бауырлас халық» деп атап, соғыстың түпкі себептерін жою қажеттігін тағы қайталады.
Ал Трамп төрт минуттық жауабында кездесуді «өте өнімді» деп бағалап, келісімге қол жеткізілмегенін мойындады. Дегенмен ол оптимизмін жоғалтпағанын айтып, «мақсатқа жету мүмкіндігі жоғары» екенін жеткізді.
Журналистердің сұрақ қоюына рұқсат етілмеді. Путин келесі кездесу Мәскеуде өтуі мүмкін екенін әзілмен айтты. Өз кезегінде Трамп саммит қорытындысын НАТО одақтастарына және Украина президенті Владимир Зеленскийге жеткізетінін мәлімдеді.
RUS