Енді жеңіске жеткен спортшылар мен бапкерлер айына 1 800 долларға дейін алады
Министрлік мәлімдеме жасады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда ұлттық құрама спортшылары мен олардың бапкерлеріне төленетін ай сайынғы сыйақылардың жаңа мөлшері бекітілді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, төлем мөлшері спорттық жетістіктерге байланысты белгіленіп, 5-тен 250 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін болады. 2025 жылы 1 АЕК – 3 932 теңге, яғни ең жоғары төлем шамамен 1 800 АҚШ долларына тең.
Министрліктің мәліметінше, басты жаңалық – бұл сомалар инфляция деңгейіне қарай автоматты түрде өзгеріп отырады. Бұған дейін әрбір арттыру жеке бекітілетін, ал өңірлер арасында төлем мөлшері әртүрлі болатын.
Сыйақылар жергілікті бюджет есебінен төленеді. Олар республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен бапкерлерге келесі жарысқа дейін және спорттық мансабын жалғастырып жүрген жағдайда беріледі.
Ведомство бұл қадам «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң аясында жүзеге асып жатқанын және оның мақсаты – қазақстандық спортшылардың тұрақты әрі жоғары нәтижелер көрсетуін ынталандыру екенін атап өтті.
Материал авторы