426

Каспийде көлемі Ақтаумен тең қара дақ анықталды

Экологтар мұнай төгілгенін жоққа шығарды.

Каспийде көлемі Ақтаумен тең қара дақ анықталды
Прозрачный мир на Каспии

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Каспий теңізінде 80 шаршы шақырымнан асатын қара дақ байқалды. Бұл аумақтың көлемі шамамен Ақтау қаласына тең.

Алғашқы ақпарат «Каспийдегі ашық әлем» Telegram-арнасында жарияланды.

«Sentinel-1A спутнигінің радиолокациялық суреттерінде Қазақстан мен Әзербайжан секторлары шекарасында, Құрық–Баку порттарының теңіз жолы бойында 82,5 шаршы шақырымдық дақ анықталды», – делінген жазбада.

Алайда Маңғыстау облысының экология департаменті бұл аумақ Қазақстанның юрисдикциясына кірмейтінін мәлімдеп, мұнайдың төгілуі мүмкін деген болжамды жоққа шығарды. Ведомство өкілдері дақтың пайда болуына кеме майының төгілуі немесе балық аулау қалдықтары себеп болуы ықтимал екенін айтты.

«Координаттарға сәйкес, көрсетілген аумақ Қазақстан жағалауынан шамамен 113 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл – халықаралық теңіз жолы, сондықтан көрші мемлекеттердің акваториясын да қамтуы мүмкін», – делінген ресми түсініктемеде.

Төтенше жағдайлар департаменті де жағдайға пікір білдірді. Мекеме мамандарының айтуынша, мұндай дақтар Каспийдің солтүстік бөлігінде жиі тіркеледі. Биылдың өзінде спутниктен 50-ге жуық ұқсас дақ байқалған.

«Көп жағдайда олар кемелердің қозғалысы кезінде төгілетін лас судың ізіне ұқсайды. Химиялық сараптама жүргізілмегендіктен, мұнай төгіндісі екені дәлелденген жоқ. Барлық дерек тек спутниктік бақылау негізінде алынады», – деп түсіндірді ТЖД өкілдері.

Экологтар да халықаралық суларда кемелердің қалдық су немесе басқа да ластанған сұйықтықты әдейі төгетінін жоққа шығармайды.

Мәселені нақтылау үшін «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ халықаралық серіктестермен бірлесіп, Каспий акваториясына қосымша мониторинг жүргізіп жатыр.

Материал авторы