565

Шымкенттегі Берденовтің сотында судья Әбінұр Қарабаев журналистке тілін шығарған (ВИДЕО)

Судьяның тіл шығарғанын алғаш көруім дейді журналист.

Шымкенттегі Берденовтің сотында судья Әбінұр Қарабаев журналистке тілін шығарған (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісін қарау барысында күтпеген оқиға болды. Сот төрағасы Әбінұр Қарабаев тыңдаулар кезінде залда отырған астаналық журналист Ботагөз Омароваға тілін шығарған сәті видеоға түсіп қалды.

Журналист бұл жайтты өзінің әлеуметтік желісінде жариялап, видеомен бөлісті.

«Менің тәжірибемде талай нәрсе болды, бірақ судьяның тіл шығарғанын алғаш көруім. Не үшін олай істегенін әлі түсінбей отырмын», – деп жазды Омарова.

Оның айтуынша, судьяның әрекеті кәсіби ортада түсініксіз және орынсыз көрінген.

Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі бұл жағдайды растады. Қазір Қарабаевтың іс-әрекеті Судьялар әдеп кодексін бұзу-бұзбау тұрғысынан тексеріліп жатыр.

«Заң талаптарына сәйкес қызметтік тексеріс тағайындалды. Нәтижесінде материалдар Судьялар әдеп кодексі жөніндегі комиссияға жолданады. Егер тәртіп бұзушылық анықталса, іс Жоғары сот кеңесі жанындағы Судьялар жюриіне беріледі», – делінген ресми хабарламада.

Соттың баспасөз қызметі қандай жағдай болмасын судьялар кәсіби этиканы қатаң сақтап, қоғамның сенімін жоғалтпауға міндетті екенін атап өтті.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба жұртшылық арасында қызу талқыланып, көпшілік судьяның мұндай әрекетін «жөн-жосықсыз» деп бағалап жатыр.

 

Материал авторы