344

Қазақстанда соңғы бес жылда 257 қыз-келіншек еркінен тыс тұрмысқа шыққан

Бас прокуратураның дерегінше, енді әйелді қорқытып, қысым көрсетіп, бопсалап күйеуге беру – ауыр қылмысқа жатады.

Қазақстанда соңғы бес жылда 257 қыз-келіншек еркінен тыс тұрмысқа шыққан
khabar.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда 257 әйелді еркінен тыс тұрмысқа шығуға мәжбүрлеген. Бұл деректі Бас прокуратура жариялады.

Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 125-бабына өзгерістер енгізілді. Бұдан былай жәбірленушіні «өз еркімен босатып жіберген күннің өзінде» қылмыстық іс қысқартылмайды.

Бұған дейін де заң күшейтілген болатын: еркінен тыс некеге мәжбүрлеу енді бөлек қылмыс ретінде қаралады.

Ресми статистикаға сүйенсек, 2019–2024 жылдар аралығында тіркелген 257 істің 95 пайызы сотқа жетпей тоқтатылған. Құзырлы орган жаңа заң осы олқылықты жоюға тиіс деп отыр.

Енді әйелді қорқытып, қысым көрсетіп, бопсалап немесе физикалық, психологиялық зорлық-зомбылық арқылы некеге итермелеу ауыр қылмысқа жатады. Мұндай әрекет үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер мәжбүрлеу ауыр зардаптарға әкелсе, жаза мерзімі он жылға дейін ұзаруы мүмкін.

«Көп елде мұндай әрекет аса ауыр қылмыс болып саналады. Өйткені зорлықпен жасалған некеде оқшаулау, жүйелі қысым, тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алады. Кей жағдайларда жәбірленушілер тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Бірқатар мемлекетте бұл – адам саудасының түрі ретінде қарастырылады», – делінген Бас прокуратура мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, қызды зорлықпен алып қашу фактілері енді бірден екі бап бойынша — 125 және 125-1-баптар бойынша қаралады. Демек, жәбірленуші кейін «келісімін берді» немесе «босатылды» деген себептер істі тоқтатуға негіз болмайды.

Материал авторы