Жетісуда бизнесмен 300 млн мемлекеттік субсидияны казиноға ұтылып қойған
Кәсіпкер сүт сатып алынғаны және зауытта май өндірілгені туралы жалған құжаттар жасаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысында ауыл шаруашылығына бөлінген қаржының жымқырылғаны анықталды. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, жергілікті кәсіпкер екі жыл бойы жалған құжаттар мен өтірік есептер тапсырып, 300 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз иемденген.
Тергеу деректеріне сай, ол құжаттарда жеке шаруалардан сүт сатып алынғаны және зауытта май өндірілгені туралы шындыққа жанаспайтын мәліметтер көрсетілген. Ал қолына түскен ақшаның бір бөлігі — шамамен 110 миллион теңге — казино ойындарына жұмсалған.
Қазіргі таңда кәсіпкер басқарған зауытқа сот шешімімен тыйым салынды. Оның құны да 300 миллион теңгеден асады. Күдікті үйқамаққа алынды, тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы компанияларының екі жетекшісі құжаттарды қолдан жасап, 370 миллион теңгеден астам субсидияны жымқырғаны хабарланған болатын.
Материал авторы