629

Әлеуметтік желідегі «танымалдылық» үшін: астаналық жігіт қонақүйлер мен мейрамханаларды 8 млн теңгеге алдаған

Ол жалған түбіртек арқылы қымбат қонақүйде бірнеше күн бойы достарымен бірге тұрып, тағам мен сусынға тапсырыс берген.

Әлеуметтік желідегі «танымалдылық» үшін: астаналық жігіт қонақүйлер мен мейрамханаларды 8 млн теңгеге алдаған
shutterstock.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада 3 жылға бас бостандығынан айырылған ер адам 5 ай бойы элиталық қонақүйлерде тұрып, қымбат мейрамханаларда ас ішкен, тіпті брендті киімдер алған. Ол қызметтерді төлеу үшін жалған банк төлем түбіртектерін жіберген.

Тергеу деректеріне қарағанда, алаяқ банктің мобильді қосымшасы арқылы жалған төлем құжаттарын жіберген. Ал зардап шеккендер оның түбіртектерінің шынайылығын тексермей, тауар мен қызметті ұсынған.

Прокуратураның мәліметінше, бір жағдайда ол қымбат қонақүйде бірнеше күн бойы достарымен бірге тұрып, тағам мен сусынға тапсырыс берген. Қызметкерлердің сенімін пайдаланып, жалған түбіртек көрсеткен. Тек осы оқиғаның өзінде қонақүй 4,4 млн теңге шығынға батты.

Сотта күдікті кінәсін толық мойындап, мұндай әрекетке әлеуметтік желіде әсерлі өмір көрсетіп, танымал болу үшін барғанын айтқан. Ол парақшасында өз суреттерін жариялап, өзін табысты кәсіпкер ретінде таныстырған.

Жалпы шығын көлемі 8 млн теңгеден асты. Сот үкімі бойынша ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Материалдық шығын өндірілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Қалалық прокуратура кәсіпкерлерді осындай жағдайға ұрынбас үшін төлем құжаттарының түпнұсқалығын тексеруді ескертеді.

Материал авторы