587

Қазақтарды «Мамбет» деп қорлаған Алика Мұхамадиева бостандықта екені рас па?

Қарағанды полициясы түсініктеме берді.

Қазақтарды «Мамбет» деп қорлаған Алика Мұхамадиева бостандықта екені рас па?
бейнежазбадан / Threads желісінен скриншот

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған «ұлтаралық араздық қоздырғаны үшін қамауда отырған қыз бостандықта жүр» деген ақпаратты жоққа шығарды.

Желіде қарағандылық күдіктінің Алматыда емін-еркін жүр екені туралы жазбалар пайда болған. Алайда полицейлер бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.

«Күдікті әлі де уақытша ұстау изоляторында отыр. Қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», – делінген облыстық ПД хабарламасында.

Сонымен қатар, жалған ақпарат таратқандарды анықтау жұмысы басталған. Полиция қасақана жалған мәлімет таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

Еске салсақ, Алика Мұхамадиева есімді кәсіпкер Threads желісінде «Қазақстан несімен танымал?» деген сұраққа «мамбеттерімен» деп жауап бергені үшін ұсталған еді. Ол қазақша сөйлеуді талап ететіндерді мазақтап, мемлекеттік тілді «полукалбитский диалог» деп келемеждеген.

Қызға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі – «Ұлтаралық араздықты қоздыру» бойынша іс қозғалған. Бұл бап бойынша 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Тергеу барысында күдіктінің елден кетуге тырысқаны белгілі болды.

Материал авторы