SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда №29 балабақшада балаға ағаш сөре құлады. Оқиға 19 тамызда болған.
Зардап шеккен баланың анасының айтуынша, ұлы дөңгелек тесігі бар сөренің қасында тұрғандықтан, соққы басына емес, арқасына тиген.
«Ол сәл оң жақта тұрғанда жағдай өте ауыр аяқталуы мүмкін еді», – деп жазды анасы әлеуметтік желіде.
Алайда ата-анаға болған жағдай туралы тек 3,5 сағаттан кейін хабарлаған. Ал тәрбиеші сөре «жақын жерге құлады, балаға ештеңе болмады» деп сендірген. Соған қарамастан, ата-аналар өздері баланы облыстық балалар ауруханасына апарған.
Әйелдің айтуынша, не медбике, не әдіскер, не балабақша басшысының міндетін атқарушы бұл оқиғадан бейхабар болған. Баланы ешкім тексермеген. Бейнебақылау жазбасын да анасына тек талап еткен соң көрсеткен. Кадрларда баланың өзі сөреге шыққаны көрінеді, бірақ анасы конструкция мықтап бекітілуі тиіс еді деп отыр.
«Ертеңгі күні бұл сөре басқа баланың үстіне құлауы мүмкін. Тәрбиеші өзі мойындады: сөре әлі күнге дейін бекітілмеген, себебі ағаш ұстасы жоқ. Мұндай салғырттық ауыр жарақатқа әкелуі ықтимал», – дейді ол.
Павлодар облысының балалар құқығы жөніндегі уәкілі Сауле Шәкенова бұл жағдайға қатысты баланың анасымен байланысқа шығып, істі бақылауда ұстайтынын айтты.
RUS