«Кәмпит жеп қойғаны үшін»: Жамбылда өгей ұлын азаптаған ер адам шартты жазамен босады
Бір жыл бұрын бала үйден қашып шыққан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында бірнеше жыл бойы өгей ұлын ұрып-соғып, қорлаған ер адам бостандыққа шықты. Облыстық соттың шешімі баланың туған әкесінің ашу-ызасын тудырды.
Тергеу мәліметінше, ер адам өгей ұлын жүйелі түрде ұрып, аш қалдырған, қол-аяғын байлап, сарай мен жертөледе қамаған. Тіпті бір жолы оны ерітіндіге батырып, тұншықтырмақ болған. Қатыгез әрекетке себеп болған жайттардың бірі – баланың кәмпит жеп қойғаны.
Белгілі болғандай, баланың анасы – аудандық білім бөлімінің қызметкері Гүлмира Маденова да бұл оқиғадан хабардар болып, күйеуін қолдап келген. Ал мектеп әкімшілігі оқушының сабақты жиі босатуын елемей, тек тәртіптік жаза алған.
Бір жыл бұрын бала үйден қашып шыққан. Оны ауыл тұрғындары тауып алып, денесінде көптеген жарақат белгілерін көрген: құлағы мен мойнында сызаттар, қолында көгерген іздер болған.
Бұған дейін Жуалы аудандық соты өгей әкені 4 жылға бас бостандығынан айырған еді. Алайда апелляциялық инстанция – Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммат Абидов жазаны жеңілдетіп, шартты жаза тағайындаған.
Еске салайық, Жамбыл облысында тағы бір шу шыққан: Көктал ауылында екі ағайындыны ұзақ уақыт бойы қорлап, еңбегін пайдаланғаны туралы іс тергеліп жатыр. Жәбірленушілердің туыстары тек өгей әкені ғана емес, жергілікті шенеуніктер мен имамды да жауапқа тартуды талап етуде.
Материал авторы