369

Дания Палестинаның тәуелсіздігін мойындамақ, бірақ шарт қойды

Франция, Ұлыбритания және Канада Палестинаны мойындайтынын айтқан еді.

Дания Палестинаның тәуелсіздігін мойындамақ, бірақ шарт қойды
CC BY 2.0 / Joi / Palestinian flags

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Дания Палестинаны дербес мемлекет ретінде мойындау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бірақ бұл үшін негізгі шарт – оның демократиялық ел болуы. Бұл туралы Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен Копенгаген орталығында өткен жаппай наразылықтан кейін мәлімдеді.

24 тамызда ел астанасында 10 мыңнан астам адам Газа секторындағы соғысты тоқтатуды талап етіп, көшеге шыққан еді.

«Біз Палестинаны мемлекет ретінде мойындауға қарсы емеспіз. Бұл қадамды қолдаймыз. Бірақ, әрине, оның демократиялық мемлекет екеніне көз жеткізуіміз қажет», – деді Фредериксен Reuters агенттігіне.

Айта кетейік, «Үлкен жетілікке» мүше үш ел – Франция, Ұлыбритания және Канада – Палестинаны мойындау жоспарын жариялады. Бұл шешім қыркүйекте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясында жариялануы мүмкін.

Қазіргі уақытта Палестинаны әлемнің 147 мемлекеті, оның ішінде Ресей де мойындаған. Ал АҚШ 2024 жылы бұл елдің БҰҰ-ға толыққанды мүше болуына вето қойған болатын. Өткен жылы Палестинаны Ирландия, Норвегия, Испания және Армения сынды он мемлекет ресми түрде таныды.

Материал авторы