435

Алматыда Макс Корждың концерті тағы да болмайды

Беларусьтің танымал әншісі тағы да концерт бере алмайтын болды.

Алматыда Макс Корждың концерті тағы да болмайды
instagram.com/maxkorzhmus

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Беларусьтің танымал әншісі Макс Корждың Алматыдағы концерті тағы да өтпейтін болды. Шара 2025 жылдың 6 қыркүйегінде Орталық стадионда өтуі тиіс еді, алайда ұйымдастырушылар барлық қажетті құжаттарды уақытында тапсырмаған. Бұл туралы қалалық спорттық нысандар дирекциясы хабарлады.

Ведомство мәлімдемесінде былай делінген:

«Дирекцияның ішкі ережелеріне сәйкес, мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге келісімшарт тек құзырлы органдар берген рұқсат құжаттарының толық топтамасы болғанда ғана жасалады».

Сонымен қатар, алаңды концертке дайындау үшін кемі 10-20 күн қажет екені айтылды. Бірақ қазіргі уақытта ұйымдастырушылар тарапынан құжаттар толық ұсынылмаған.

«Осыған байланысты іс-шараны өткізу заңдық тұрғыдан да, техникалық жағынан да мүмкін емес», – деп түсіндірді ведомство.

Дирекцияның дерегінше, мұндай ауқымды концерттер стадион газонына салмақ түсіріп, футбол матчтарының сапасына кері әсер етеді. Алдағы уақытта Орталық стадион өзінің негізгі қызметіне – спорттық шараларға бағытталмақ.

«Аренада маңызды матчтар өтеді, оның ішінде „Қайрат“ футбол клубының УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі ойындары бар...», – деді мекеме.

Билеттерді қайтару мәселесі бойынша қазақстандықтарға концерт ұйымдастырушыларына немесе билеттерді сатып алған орындарға жүгіну ұсынылды.

Айта кетейік, Макс Корждың концерті 2024 жылдың күзінде де өтпей қалған. Ол кезде әнші бұл жағдайды техникалық себептермен түсіндірген болатын: Орталық стадионның спорттық кестесі алаңды дайындауға мүмкіндік бермеген. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор