1737

Жаңатас ауылында депутаттың күйеуінен зорлық көрген қыздың қайтадан аяғы ауыр

Екі жыл бұрын 13 жастағы қыз депутаттың күйеуінен жүкті болғанын айтқан еді.

Жаңатас ауылында депутаттың күйеуінен зорлық көрген қыздың қайтадан аяғы ауыр
Vera Trofimova / RFE/RL

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысының Жаңатас ауылында болған даулы оқиға жаңа жалғасын тапты. Мәслихат депутатының күйеуі зорлаған жасөспірім қыз екінші рет жүкті болды. Бұл туралы Orda.kz жазды.

Алғашқы оқиға қалай басталған еді?

2023 жылдың күзінде 13 жастағы интернат оқушысы 55 жастағы ер адамнан – мәслихат депутаты Галина Мороздың күйеуінен жүкті болғаны анықталған. Orda.kz дерегінше, екеуінің арасында кем дегенде үш рет жақындық болған.

Кейін мұғалімдер ата-анасының рұқсатынсыз жасөспірімді жеке клиникаға апарып, түсік жасатқан. Қыз операцияны кім жасағанын көрмеген.

Араға жарты жыл салып, сот үкімі шықты. Педофилге 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сондай-ақ мектеп директоры, психологтар мен медицина қызметкерлері де істі болып, нақты мерзім алды.

Колледждегі жағдай және екінші жүктілік

9-сыныптан кейін қыз Тараздағы колледжге оқуға түскен. Бірінші курста жүргенде, 15 жасында, қайтадан жүкті болған. Дереккөздердің айтуынша, бұл қысқы демалыс кезінде болған.

«Оның жүкті екенін колледж дәрігерлері анықтады. Алдымен ол әпкесінің үйінде тұрды, кейін қысқы демалыстан соң жатақханаға көшті. Қазір академиялық демалысқа шықты. Бүгінде анасы мен ағасымен бірге Жаңатаста тұрады», – деді дереккөз.

Жасөспірім Сарысу аудандық ауруханасында есепте тұр. Ол қазір жүктіліктің жетінші айында. Болашақ баланың әкесі кім екенін айтуға қыздың өзі қарсы.

Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады ма, әзірге белгісіз. Orda.kz бұл туралы Жамбыл облысының полиция департаментіне сауал жолдады, алайда әзірге жауап берілмеді.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор