SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына арналған конференцияда сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Назарбаевтың Ата заңды қалыптастырудағы рөлін атап өтті. Сондай-ақ Қаңтар оқиғасынан кейін елде болған өзгерістер жайлы айтты.
Мемлекет басшысы 1995 жылғы Конституцияны қабылдауда Тұңғыш Президенттің шешуші рөл атқарғанын атап өтті.
«1993 жылы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы негізгі заңы бекітілді. Алайда көп ұзамай өзгерген жағдайға сай жаңа Конституция қажет екені белгілі болды. Осыған байланысты арнайы кеңес құрылып, шетелдік сарапшылар шақырылды. Жоба талқылауына миллиондаған азамат қатысты. Конституция туралы сөз қозғасақ, ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегін атап өткен жөн», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, соңғы 30 жылда Конституцияға алты рет түзету енгізілген, бірақ ең ауқымды өзгерістер Қаңтар оқиғасынан кейін болды.
«Уақыт бір орында тұрмайды. 30 жыл ішінде негізгі заңға алты рет түзету енгізілді. Алайда біздің саяси-құқықтық жүйемізді түбегейлі өзгерткен ең маңызды реформалар үш жыл бұрын қабылданды. Сол кезде көпшілік түзетулерді парламент арқылы бекітуді ұсынды. Бірақ біз басқа жолды таңдадық – референдум өткіздік», – деді ол.
Бұл өзгерістердің ішінде «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен бас тарту бар.
«Енді «күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» қағидаты бекітілді. Тарихи мәнге ие тағы бір жаңашылдық – президентті жеті жылдық бір мерзімге сайлау нормасы. Мұндай тәжірибе Қазақстанда бұрын болмаған», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Президент жақын туыстарына билікте жоғары лауазым атқаруға тыйым салынғанын еске салды.
«Бұл шара аса қажет болды. Саяси процестер әлдеқайда түсінікті, болжамды және ашық бола түсті. Биліктегі туысқандыққа тосқауыл қойылды», – деді ол.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы бастамаларына күмәнмен қарағандар болғанын да жасырмады.
«Әділетті Қазақстанды құру процесін ешкім кері қайтара алмайды. Өткенге оралуға ең алдымен еліміздің білімді жастары жол бермейді. Жаңа ұрпақ өркениетті, заманауи талаптарға сай мемлекет көргісі келеді», – деді Президент.
Сонымен қатар Тоқаев алдағы Жолдауында экономикалық және әлеуметтік мәселелерге басымдық беретінін хабарлады.
Шара соңында Мемлекет басшысы мемлекеттік және мерейтойлық наградаларды табыстады.
RUS