SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ауғанстанның шығысында қуатты жер сілкінісі болып, жүздеген адамның өмірін жалмады. Соңғы деректер бойынша, қаза тапқандар саны 600-ден асып, 1300-ден астам адам жарақат алған. Табиғи апат 31 тамыз, жексенбі күні түнде орын алды.
Сағат 23:47-де тіркелген жер асты дүмпулері 6,0 баллға жеткен. Ошағы небәрі 8 шақырым тереңдікте, Джалалабад қаласынан 27 шақырым қашықтықта орналасқан.
Дүмпулер астана Кабулда да, тіпті эпицентрден 400 шақырым жердегі Пәкістанның Исламабад қаласында да сезілген.
Жер сілкінісінен кейін ондаған үй қирап, кейбір ауылдар толығымен жермен-жексен болғаны хабарланды. Кунар және Нангархар провинцияларында тұрғындар өз күштерімен үйінді астында қалғандарды шығаруға тырысуда.
Апат болған аймаққа жету қиын, себебі көшкін жолдарды жауып қалған. Сондықтан құтқару жұмыстары әуе арқылы жүргізілуде. Дүйсенбі таңына қарай төрт әскери тікұшақ дәрігерлермен бірге жіберілген. Зардап шеккендер Джалалабад және басқа қалаларға жеткізіліп жатыр. Көптеген ерікті қан тапсыруда.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда балаларды қолына көтеріп әкетіп жатқан сәттер, ал ересектерді тікұшаққа және жедел жәрдем көліктеріне тиеп жатқан кадрлар көрініс тапқан.
Ауғанстанның Денсаулық сақтау министрлігі жүздеген адамның зардап шеккенін растады және байланыс жоқ аймақтар көп болғандықтан, нақты сан арта түсуі мүмкін екенін ескертті. Ішкі істер министрлігінің алдын ала мәліметі бойынша, 610 адам қаза тапқан, 1300-ден астам адам жараланған.
«Кейбір ауылдар толығымен жойылған, адамдар әлі де үйінді астында қалып отыр», – делінген ресми хабарламада.
Бұл қайғылы жағдайға дейін осы өңірде қатты су тасқыны болып, кем дегенде бес адамның өмірін қиған және жүздеген үйді қиратып кеткен еді. Енді жер сілкінісі табиғат апатынан қажыған халыққа жаңа соққы болды.
Ауған билігі халықаралық ұйымдардан шұғыл көмек сұрады. АҚШ Геологиялық қызметінің бағалауынша, шығын «аса ірі әрі кең ауқымды» болуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, дүмпу жердің өте таяз қабатында болғандықтан, қирау күші артқан. Ал зардап шеккен аймақтағы үйлердің басым бөлігі шикі кірпіштен салынғандықтан, олар мұндай соққыға төтеп бере алмады.
RUS