4367

«Бортсеріктердің өзі қорқып қалды»: Air Astana рейсі Ақтауда шұғыл қонды

Адамдар дұға оқып, әйелдер жылап бастады дейді жолаушы.

«Бортсеріктердің өзі қорқып қалды»: Air Astana рейсі Ақтауда шұғыл қонды
lada.kz & ztb.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 31 тамыз күні Air Astana әуе компаниясының КС 859 Алматы – Ақтау бағытындағы рейсі техникалық ақауға байланысты шұғыл қону жасады.

Жолаушылардың айтуынша, әуе кемесі әуеге көтерілген сәттен-ақ салонда әдеттен тыс дыбыстар естілген. Шамамен жарты сағаттан кейін ұшақ биіктігін төмендете бастаған.

FlightRadar24 сервисіндегі мәліметке сәйкес, әуе кемесі қону алдында Ақтау әуежайы маңында бірнеше рет айналып ұшқан.

Куәгерлердің сөзіне қарағанда, Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарының маңына жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндіру техникалары жеткен.

«Адамдар дұға оқып, әйелдер жылады. Тіпті бортсеріктердің өздері үрейленіп кетті, жүздерінде қорқыныш айқын көрінді. Бір сәтте дауыс зорайтқыш арқылы далаға қонуға дайындалу керектігін хабарлады. Стюардессаның даусы дірілдеп, қатты қобалжығаны сезілді», – деп жолаушылардың бірі ZTB басылымына айтқан.

Компанияның баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді:

«Экипаж техникалық ақау туралы хабарлап, нұсқаулыққа сәйкес басымдықпен қонуға рұқсат сұрады. Осыдан кейін ұшақ қауіпсіз биіктікке төмендеп, Ақтау әуежайына сәтті қонды», – делінген ресми мәлімдемеде.

Қазір мамандар әуе кемесін тексеріп жатыр. Ал Ақтау – Алматы бағытындағы кері рейс (КС 860) басқа ұшақпен жүзеге асырылған.

Материал авторы