SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Видади Фарзалиевтің сөзі қоғамда талқылау тудырды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ол туыстарына мемлекеттік тендерлерді жеңіп алуға ықпал ететінін айтқан.
Видео «Байтақ» партиясының Ақтөбедегі филиалының Instagram парақшасында жарияланған. Кадрларда AMANAT партиясының мүшесі әрі мәслихат депутаты Фарзалиев жақындарына мемлекеттік тапсырыстарға қатысуына көмектескенін растайды.
Аталған жазбадан кейін 11 тамызда қалалық мәслихаттың Депутаттық этика жөніндегі комиссиясы отырыс өткізіп, тәртіптік шара қолданбау туралы шешім қабылдаған.
AMANAT партиясының облыстық филиалы жағдайға баға беруде асығыстыққа жол бермеуге шақырып, тек құзырлы органдар ресми қорытынды шығара алатынын мәлімдеді.
«Егер депутаттың қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны дәлелденсе, Видади Фарзалиевті партиялық жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады. Партия өз Жарғысы мен мүшелерінің мінез-құлық ережелерінің сақталуын қатаң қадағалайды», – делінген хабарламада.
Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Көптеген қолданушы депутаттың сөзіне байланысты құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне наразы пікір білдірді.
RUS