SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 11 жыл үнсіздіктен кейін ел алдына қайта шыққан Ерболсын Серікбаев халық емшілерінің көлеңкелі тұстарын әшкереледі.
Қазіргі таңда ол медицина саласында білім алып жүр. Сұхбат барысында бұрынғы тәжірибесін еске алып, емшілердің әрекетіне қатысты сыни пікірін айтты:
«Шыны керек, оларға жаным ашиды. Бір кездері өзім де адам қабылдадым. Науқастың жағдайына емес, оның бере алатын мүмкіндігіне көзің түседі. Қазіргі көп емшілердің басты мақсаты – емдеу емес, пайда табу. Науқастың жазылып кетуі емес, одан қанша ақша алатыныңды ойлайсың. Ең сорақысы – бұл ой саналы түрде емес, бейсаналық деңгейде келеді. Сонда да өзіңді дұрыс істеп жатырмын деп ойлайсың», – деді ол Аман Тасығанға берген сұхбатында.
Оның айтуынша, емшілердің көбі шын мәнінде қасиетке ие емес:
«Емшілердің 90 пайызы – шынайы қасиеті жоқ адамдар. Шарлатандардың ар жақ-бер жағы. Мұны салыстырмалы түрде айтып отырмын, өйткені кезінде өзім жұртты қалай емдегенімді білемін. Мысалы, онкологиялық науқастарға міндетті түрде ота, химиятерапия керек екенін білетінмін. Үйде жасалатын емнің түбінде нәтижесі болмайды. Бірақ сенің қалтаң қалыңдай береді», – деді Ерболсын.
RUS