4012

Көкшетауда үш жігіт «кездесуге шақыру» арқылы жасалған бопсалау үшін сотталды

Қыздар үйге апарған жігіттерді бопсалаумен айналысқан.

Көкшетауда үш жігіт «кездесуге шақыру» арқылы жасалған бопсалау үшін сотталды
polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетау қалалық соты үш жас жігітке қатысты үкім шығарды. Олар бопсалау және заңсыз бостандықтан айыру баптарымен айыпталған.

Сот дерегінше, 23 жастағы Д., 21 жастағы Ш. және 19 жастағы Б. – жұмыс істемейтін, өзара таныс жастар.

Олардың құрбаны басқа қаладан келген Т. есімді ер адам болды. Ол әлеуметтік желіде танысқан қызбен кездесуге келген. Қыздың қауіпсіздігіне алаңдаған құрбысы Б.-дан оны жалға алынған пәтерге апарып тастауын сұраған. Алайда пәтерге бірге келген үш жігіттің ойы аяқ астынан өзгеріп, бопсалауға көшкен.

Жәбірленушіні далаға алып шығып, көлікке отырғызып, елсіз жерге апарған. Онда ұрып-соғып, ақша мен мүлкін талап еткен. Нәтижесінде Т. телефонын (құны 110 мың теңге) беруге, 25 мың теңге мобильді қосымша арқылы аударуға, сондай-ақ төрт микрокредит (жалпы сомасы 280 мың теңге) рәсімдеуге мәжбүр болған. Дәрігерлер оның денесінен түрлі жарақаттар анықтады.

Сотта жәбірленуші Т. айыпталушы Б.-мен татуласқанын айтып, заңсыз бостандықтан айыру бойынша шағымын қайтарып алды. Алайда үштіктің бопсалау әрекеті дәлелденді, олар ұйымдасқан қылмыс жасаған деп танылды.

  • Ш. – ең белсенді қатысушы ретінде 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • Б. – кей эпизодтардан босатылып, 4 жыл шартты жаза алды, оның өкініш білдіруі ескерілді.

  • Д. – заңсыз бостандықтан айыру бойынша ақталғанымен, 3 жыл 6 айға сотталды.

Сонымен қатар сот шешімімен қылмысқа пайдаланылған Mitsubishi Pajero Sport көлігі тәркіленді.

Бұл іс полиция мен соттың айтуынша, қарапайым кездесудің артында қылмыстық жоспар жасырынуы мүмкін екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор