Путин Зеленскиймен тек Мәскеуде кездесуге дайын екенін айтты
Мен ешқашан онымен кездесуге қарсы болмағанмын дейді Путин.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын мәлімдеді. Алайда ол мұндай келіссөз тек Мәскеуде өтуі тиіс екенін алға тартты.
Путин бұл туралы Бейжіңде өткен Жеңіс парадынан кейінгі баспасөз мәслихатында айтты. Оның сөзінше, АҚШ президенті Дональд Трамп екі ел басшысын келіссөз үстеліне отырғызуды ұсынған.
«Мен бұл мүмкін екенін айттым. Қойсын, Мәскеуге келсін. Мен ешқашан мұндай кездесуге қарсы болған емеспін, егер ол жақсы дайындалып, нақты нәтижеге жеткізсе», – деді Путин.
Сонымен қатар ол Зеленскийдің легитимділігіне күмән келтіретін ишара жасады: «Бұл кездесулердің мәні бар ма өзі?» – деп сұрады.
Киев мұндай ұсынысты бірден қабылдамай тастады. Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига:
«Бұл бастама әуелден орындалмайтыны белгілі. Австрия, Ватикан, Швейцария, Түркия және Парсы шығанағындағы үш мемлекет кездесуге алаң ұсынды. Бұл – маңызды ұсыныстар. Президент Зеленский кез келген сәтте кездесуге дайын. Бірақ Путин әдейі болмайтын шарт қойып, уақыт созып отыр», – деп жазды әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, тамыз айында Дональд Трамп ұйымдастырған Аляскадағы келіссөздер нәтиже бермеген болатын. Кейін Вашингтонда Зеленский мен Еуропа елдері, сондай-ақ НАТО өкілдерімен кездесулер өтті.
Трамптың айтуынша, «мақсатқа толық жетілмесе де, жақсы мүмкіндік бар». Қазіргі уақытта АҚШ президенті Ресей мен Украина арасындағы келіссөзде прогресс болуын талап етіп отыр. Ол кез келген болашақ келісімде Украинаға елеулі қауіпсіздік кепілдіктері берілуі тиіс екенін айтты.
Ресей тарапы бұған дейін бірнеше рет Путин мен Зеленскийдің тікелей кездесу мүмкіндігін жоққа шығарған еді. Кремльдің уәжіне сәйкес, дайындық аяқталмаған, сондай-ақ Зеленскийдің президенттік өкілеттігінің мерзімі өтіп кеткен.
Сонымен қатар Путин жуырда өткен ШЫҰ саммитінде «украин дағдарысына Батыс пен НАТО кінәлі» деп мәлімдеді. Оның сөзінше, соғыс «2014 жылғы Евромайдан оқиғасы мен Украинаны НАТО-ға тарту әрекеттерінен басталған».
Бұл уақытта Ресей әскері Украина аумағына соққыларын жалғастырып жатыр. Мәліметке сәйкес, өткен түні елдің бірнеше аймағына 500-ден астам дрон және ондаған зымыран жіберілген. Сондай-ақ, Ресей әскері Донецк облысының толық оккупациясына бағытталған шабуылын күшейткен.
Материал авторы